FINGramota

0
46

2024 ЖЫЛДАН БАСТАП МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАРДА ЕНГІЗІЛЕТІН ЖАҢАЛЫҚТАР: НЕЛЕРДІ БІЛУ ҚАЖЕТ?

2024 жылдың басынан бастап қаржы және салық салу саласында қазақстандықтарды өзгерістер күтіп тұр. Жалпыға бірдей декларациялаудан басқа, бұдан былай мобильді төлемдер мен аударымдар мемлекет тарапынан бақылауға алынатын болады. Салық заңнамасына сәйкес мобильді аударымдарды тек жеке мақсаттарға ғана пайдалануға болады, ал дара кәсіпкерлерге тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін төлемдерді мұндай түрде қабылдауға тыйым салынған.
Бұл жаңалықтың қыр-сырын Fingramota.kz-е-пен

қарастырып көрелік.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексіне сәйкес, 2024 жылдан бастап банктер ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне (МКК) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес шотқа қатарынан үш ай ішінде әр түрлі жөнелтушілерден айына 100-ден астам аударым алатын жеке тұлғалар туралы деректерді беруге міндетті. Яғни, егер сізге бір айда 100 мобильді аударым келетін болса, онда сіздің деректеріңіз бұдан әрі тексеру үшін салық органына кетеді. Бұл мобильді аударымға тыйым салу дегенді білдірмейді, мәселе банк шотына тұрақты түсімдер жөнінде. Енгізіліп отырған жаңашылдықтың негізгі мақсаты – кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістерді көлеңкеден шығару.
Қазақстанда мобильді аударымдар тарихы қалай басталды?
2019 жылы Қазақстанда мобильді қосымша немесе QR-код арқылы жеке тұлғадан басқа жеке/заңды тұлғаға ақша қаражатын жедел аудару жүйесі іске қосылды. Қазақстандықтар ыңғайлы және озық банктік сервисті белсенді пайдаланып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көше бастады. Осы уақыттан бастап, дара кәсіпкерлер мысалы, түрлі азық-түлік дүкендерінің, сұлулық салондарының, наубайханалардың иелері төлемді мобильді аударым немесе QR-код арқылы қабылдады. Алайда, 2021 жылдың соңында салық заңнамасында «мобильді төлем» ұғымы пайда болды. Заңға сәйкес, «мобильді төлем» термині QR-кодты қолдана отырып, банктің мобильді қосымшасы немесе POS-терминалы арқылы қабылданатын қолма-қол ақшасыз төлем дегенді білдіреді.
Мемлекет салық заңнамасының тармақтарын сақтау мақсатында мемлекеттік кіріс органдарына екінші деңгейдегі банктерде жасалған мобильді аударымдар туралы ақпаратты алуға және өңдеуге мүмкіндік берді.
Ақпарат беру кезеңдеріМКК мобильді аударымдар туралы ақпарат ұсыну кезеңдерін белгіледі:
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша);
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары бойынша (2023 жылдың қорытындысы бойынша);
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша (2024 жылдың қорытындысы бойынша);
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысы бойынша).
Осы кезеңділік бойынша мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайларының шоттарына мобильді аударымдар туралы ақпарат МКК-ға келіп түсті және талдаудан өтті. Мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметкерлерінің шоттарынан деректерді салық комитеті 2024 жылы алады, ал жеке кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың және заңды тұлғалардың басшыларының деректері мемлекеттік органдарға 2025 жылы түседі.
Жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттарында мобильді аударымдар мысалы, туыстарына, достарына, ата-аналарына және балаларына, іс-шараларға және т. б. алымдар жасай алатынын және қабылдай алатынын атап өтеміз. Бұл аударымдар кәсіпкерлік қызмет деп танылмайды және оларға салық салынбайды.
Тіркелмей бизнес жүргізетін немесе ДК картасына емес, жеке картасына аударым қабылдайтын тұлғалар ақы төлеуді заңдастырғаны: ДК тіркегені немесе (егер ДК болған болса) корпоративтік карта ашып, аударымдарды соған қабылдағаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда, кәсіпкер ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін немесе қайта бұзушылық болған жағдайда, оған айыппұл салынады. Айыппұл салық төлеушінің субъектілігіне қарай 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейінгі соманы құрайды.
Сақ болыңыз, заң нормаларын сақтаңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!