ЕҢБЕК АРДАГЕРІ

0
63

МЕНІҢ МАҚАЛАМНЫҢ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІНЕ, ЕҢБЕГІМЕН ЕЛГЕ ЕЛЕНГЕН, ХАЛЫҚ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН, АУЫЛЫМЫЗДЫҢ ДАМУЫНА ӨЗІНДІК ҮЛЕСІН ҚОСҚАН, ДАРХАН МІНЕЗІ ДАРИЯНЫҢ ЕТЕГІНДЕГІ ЕКПІНІ ЕНТЕЛЕЙ ТОЛҚЫҒАН СУДЫҢ МӨЛДІРЛІГІНДЕЙ БАЛТАБАЙ ӘБЕНОВ ТУРАЛЫ БОЛМАҚ.

1949 жылы Хожелі қаласында туылған бұл кісі жастайынан қызу еңбекке араласып, көп жылдар бойы Кеңқияқ көлік басқармасында жүргізуші, механик, жүк көтергіш машинисті, жөндеу-механикалық шеберханасының аға шебері, жөндеу- механикалық шеберханасының бастығы, гараж меңгерушісі, мамандандырылған көлік басқармасында № 2-ші көлік паркінің инжинер-механигі, механика-энергетика бөлімінің бөлім басшысы болған. Зейнетке шыққан соң да, Шұбарши ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы және Шұбарши жалпы орта білім беретін мектебінің қамқоршылық кеңесінің мүшесі болды, еңбектегі жетістіктері үшін алған марапаттарының санынан жаңылысамыз десек артық айтқандығымыз емес шығар. Тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің абыз ақсақалы Балтабай ата, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, перзенттері бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр.
Бүгінде жасы 75-ке толған қазыналы қарт, бейбіт күнге шүкіршілік етіп, халыққа һәм жастарға, ел азаматтарына тілекші болып отырады. Сәлем беріп келген әрбір жанға, ақсақал әңгімесін жаңылмай сабақтап, көпшілікке төгіліп бата береді.
– «Күйді мың адам тыңдайды, бір адам ұғады» дейді. Сол секілді, мен айтқан әңгімелердің біреуі болсын ойларыңа сақталып, өмірлік азық болса, мен қуаныштымын. Керектеріңе жаратыңдар. Өнеге іздеп, үлкеннен бата алуға келген қадамдарыңа нұр жаусын, – дейді ол.
Жуықта біз де ақсақалдың үйіне арнайы сәлем бере барып, 75 жасқа толған мерейлі жасымен құттықтап, шын көңілден шыққан тілегімізді төмендегі сөздермен ақтардық. Жансарайымыздың тиегі ағытылғандай болды: «Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты Сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесіне жеткізді. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. Адам баласының өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сөйтсе-дағы мерейлі 75 жастың орны мүлдем ерекше екені баршаға мәлім. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні бір ғана дүние. Ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Ондай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен ағалықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар істерді үкілеп келе жатқан сіздің бойыңыздан ізгі қасиеттерді көреміз. Сіз еңбекте қажыр-қайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан ретінде өзіңізді таныттыңыз. Өзіңізді ерекше қасиетіңізбен даралап тұрған да әулетіңіздегі тектілік тамырының тереңде жатқанынан болар. Текті бабалардан өрелі ілім алып, елге қызмет етіп, асылдың сынығы екеніңізді дәлелдеуіңіз тектілік феномені, тектен нәр алғанның тозбайтынының көрінісі дер едім. Қасиет пен кие дарыған Темір өлкесі – тұлғаның темірқазығы. Сол Темірдің бір бөлшегі болған, көшпелі халыққа құтты қоныс, осында жасаған адамдардың қиялына қанат бітіріп, талай жырға арқау болған киелі Шұбарши жеріне Сіз адал қызмет еттіңіз. Ерен еңбегіңіз әрқашан елдің есінде болмақ. Жеті асудың бел ортасына келген Сіздей ағамыз елге ғана емес, отбасында да тамыры терең бәйтеректей тірегі болып, ардақты ақсақал атанып отырсыз. Сіздің ғұмырыңыз бізге үлкен өнеге. «Үлкені бар елдің құты бар» деген қазақ. Сіздей үлкендер ел ішінде қазыналы қарт екенін көрсетіп жүрсе, жас ұрпаққа үлгі болары хақ. Құрметті Балтабай аға, Сізді 75 жасқа толған мерейлі тойыңызбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, бақыт тілейміз!» дедік.
Қашанда елдің ниеті, сөзі, ойы бір болуы үшін елді бастай білетін, елі қостай білетін қариялар керек. Сондықтан, ақылы дария қариялардың әрбір сөзі өсиет болмақ. «Қырықтың бірі – Қыдыр» демекші, сөзіміздің соңында қолымызды жайып, атадан бата алдық. Жансарайымыздың тиегі ағытылғандай болды.
«Ақ батамды берейін Алла деп мен,
Тілектеріңе жетіңдер арман еткен.
Отбасы болыңдар үлгілі ел ішінде,
Өсіріңдер ұл-қызды арлы әдеппен!» деп ақ батасын арнады, бізге абыз ақсақал.
Сағынғали НАЗАРОВ,
Саркөл ауылы ақсақалдар
кеңесінің төрағасы