«Көрісу күні»

0
44

ҚАЗАҚТА ҚАШАННАН НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ БАСЫ — «КӨРІСУ КҮНІ» БОЛҒАН. КӨНЕКӨЗ ҚАРИЯЛАР МҰНЫ «АМАЛ МЕРЕКЕСІ» ДЕП ТЕ АТАЙДЫ. ОСЫ КҮНІ ХАЛЫҚ ҚЫСТАН АМАН-ЕСЕН ШЫҒЫП, КӨКТЕМГЕ АЯҚ БАСҚАНЫНА, АҒАЙЫН-ТУЫСТАРМЕН, КӨРШІ-КӨЛЕҢМЕН ЖҮЗДЕСКЕНІНЕ ҚУАНЫП, ҚОЛ АЛЫСЫП, ТӨС ҚАҒЫСАДЫ, БІР-БІРІНЕ ДЕГЕН АРАЗДЫҚ ПЕН ӨКПЕ-РЕНІШТІ ҰМЫТЫП, АМАНДЫҚ ТІЛЕЙДІ. АЛ, КӨРІСУ КҮНІН ЗЕРТТЕП ЖӘНЕ ЗЕРДЕЛЕП ЖҮРГЕН ҒАЛЫМДАР, 1918 ЖЫЛЫ ЖАҢА ГРИГОРИАН КҮНТІЗБЕСІН ҚОЛДАНЫСҚА ЕНГІЗІЛУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ, ЕСКІ КҮНТІЗБЕДЕГІ 1 НАУРЫЗ — 14 НАУРЫЗҒА ЖЫЛЖЫП, АУЫСҚАНЫН АЙТАДЫ. МІНЕ, ОСЫ ЖАҒДАЙ ЕСКЕРІЛІП, ЕЛІМІЗДІҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ. ТОҚАЕВТЫҢ ҰСЫНЫСЫМЕН, БИЫЛҒЫ ЖЫЛДАН БАСТАП, НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН ЖАҢА ФОРМАТТА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ, БІЗДІҢ АУДАНЫМЫЗДА ДА БҰЛ БАСТАМА ҚЫЗУ ҚОЛДАУ ТАУЫП, МЕКЕМЕЛЕР МЕН ҰЖЫМДАР ТҮРЛІ ШАРАЛАР ЖАСАУҒА ҚЫЗУ КІРІСІП КЕТТІ.
Осындай шаралардың бірі – аудандық мұражай ұжымында да ұйымдастырылды. «Көрісу күніне» алдын аладайындалған ұжымға аудан әкімінің орынбасарлары Қайрат Нұралы мен Жанболат Қойшыбаев, ішкі
саясат бөлімінің басшысы Жайнагүл Жасақбаева мен мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әділет Қалмағанбетов, еңбек ардагерлері Нұрсұлтан Ілияс пен Бағдан Құлбеков арнайы келді. Мұндағы көпті көрген көнекөз қариялар, ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз туралы жастарға баяндап ғана қоймай, олардың қалай жасалатынын, мұндайда қандай тілектер айтылатынына іс жүзінде көрсетіп, мерекелік дастарқан басында, наурыз көжеден ауыз тиіп, өнерден де құралақан емес қос қария, қазақтың салт-дәстүрлері бойынша әңгімелер айтумен бірқатарда, өлеңдер оқып, ән де шырқады, естелік суретке түсіп, мұражайдағы ұлттық жәдігерлерді тамашалап, соңында ақ батасын берді, ұжым басшысы Б. Әділханов ардагерге шапан жапты. — Наурыз – ұлттық мереке болғандықтан, мұражай қызметкерлерінің жанына жақын және аталған мейрамды жан-жақты да мағыналы өткізуге
мол мүмкіндік бар. Біз биыл жаңа форматта ұйымдастырыла бастаған Наурыз мейрамын, «Жүз рет есіткеннен, бір рет көрген жақсы» дегендей, әсіресе жастарға ауызша насихаттағаннан көрі, іс жүзінде жарнамалауға тырыстық. Біз болашақта Наурыз мейрамында жасалатын шараларды жаңа, тың, тәрбиелі идеялармен толықтырып, ауқымы мен мазмұнын кеңейтіп және тереңдетіп, бұдан да тартымды етіп ұйымдастыруды ойластырамыз, — деді мұражай директоры Бердіхан Әділханов. Осы күні, Н. Байғанин атындағы Темір аудандық мәдениет үйі ғимаратының алдындағы алаңда «Амал келді, жыл келді!» атты мерекелік шара өткізіліп, жиналғандар бір-бірімен көрісіп, аман-саулықтарын сұрасып, «Ырыстың басы – қара қазан» демекші, қазанға бауырсақ пісіріліп, көже асылып, көрермендерге тарту етіліп, жәрмеңке ұйымдастырылып, Мәдениет үйінің өнерпаздары «Қыз бен жігіт» айтысынан үзінді көрсетіп, әннен шашу шашты. Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мысырұлы,
тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, «Көрісу күні» аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Бабатай Салиманов, Шұбарқұдық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің  төрағасы Матай Нұғманов және Мемлекеттік кірістер басқармасының аудандық бөлімшесінің басшысы Серғали Айжарықов т. б. бірқатар мекемелер мен ұйымдарға арнайы барып, мерекемен құттықтап, аталған
мейрамда жасалатын іс-әрекеттер мен айтылатын тілектердің үлгі-өнегесін көрсетті.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының «Ақбота» ересек тобының балалары, тәрбиеші Гүлжан Күзембаева мен әдіскер Зина Құлмағанбетованың басшылығында, көрші мекемелер мен ұйымдарды аралап, олардағы ұжым мүшелерін «Көрісу» мерекесімен құттықтады.
ӘБДІ СӘЛИ.