ҒАЖАЙЫП БІР АҚЫН ӨТКЕН ӨМІРДЕН…

0
53

ИӘ, БҰЛ ПӘНИ ДҮНИЕДЕН СОНАУ КЕҢЕС КЕЗІНДЕ ӨМІРЗАҚ ҚОЖАМҰРАТОВ АТТЫ ҒАЖАЙЫП БІР АҚЫН ӨТКЕН. ОЛ ТУРАЛЫ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРЫНЫҢ БІРІ АЯН НЫСАНАЛИН: «…ОЙҒА, АТАЛМАЙ КЕТКЕН ӨМІРЗАҚ ҚОЖАМҰРАТОВ ДЕГЕН АҚЫН ЖИІ ОРАЛАДЫ. ӨЗ БАСЫМ ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ ПЕН МҰҚАҒАЛИДЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА СОЛ ӨМІРЗАҚ АҒАМЫЗДЫҢ ӘСЕРІ БОЛДЫ-АУ ДЕП ОЙЛАЙМЫН. ОСЫ ЖІГІТТІҢ АҚЫН РЕТІНДЕ АТАЛМАЙ КЕТКЕНІ ӨКІНІШТІ. ӨЗБЕКСТАНДА ТУЫЛҒАН. КӨП ӨЛЕҢДЕРІ ЖАҚСЫ» («ӘР ЗАМАННЫҢ ӨЗ ҚҰРҚҰЛТАЙЛАРЫ МЕН СҰРҚҰЛТАЙЛАРЫ БОЛАДЫ». СҰҚБАТТАН ҮЗІНДІ. ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЖҰЛДЫЗ ӘБДІЛДА, «KITAP» ПОРТАЛЫ) ДЕСЕ, АЛ МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ӨЗІ: «ОСЫ ПАҚЫР ӘЗІРГЕ ПОЙЫЗҒА БИЛЕТСІЗ МІНГЕН АДАМ ТӘРІЗДІ. ӨЗ ҚҰРБЫЛАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНАН ОРЫН ТИМЕЙ-АҚ ҚОЙДЫ ОСЫҒАН, БІРДЕ-БІРІМІЗ ОҒАН КЕЛ ДЕП ТЕ, КЕТ ДЕП ТЕ НИЕТ БІЛДІРЕ АЛМАДЫҚ. МЫНАУ БАРЫҢ, МЫНАУ ЖОҒЫҢ ДЕМЕДІК. БҰҒАН ӨМІРЗАҚ ТҰРАРЛЫҚ ЕДІ… АҚЫН ДА АДАМ. ОНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТАҒДЫРЫНА ДА БІРАУЫЗ КӨҢІЛ АУДАРҒАН ЖӨН ҒОЙ ДЕЙМІЗ. «АҚЫНДАРДЫ АЯЛАУ КЕРЕК!» ДЕГЕН МАРКСТІҢ СӨЗІ БАР. ӨМІРЗАҚ ТА АЯЛАУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ… ОЛ БҰҚАРДАН ҚАЛҒАН СЫНЫҚ ҚОЙ…» ДЕПТІ. ОНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІН ТУРАЛЫ ӘБДІЛЛА ТӘЖІБАЕВ, ӘБУ СӘРСЕНБАЕВ, СВЕТҚАЛИ НҰРЖАНОВ, СВЕТ ОРАЗАЕВ Т. Б. ЖЫЛЫ ЛЕБІЗ БІЛДІРГЕН.
ӨМІРЗАҚ ҚОЖАМҰРАТОВ (1936-1982 ж. ж.), ӨЗБЕКСТАННЫҢ БҰҚАРА ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТАМДЫ АУДАНЫНДА (ҚАЗІР НАУАЙЫ ОБЛЫСЫНА ҚАРАЙДЫ) ТУЫЛҒАН. СОЛ АУДАНДА ОРТА МЕКТЕПТІ БІТІРІП, ТАШКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ШЕТ ТІЛДЕРІ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒЫЛШЫН БӨЛІМІНДЕ ОҚЫҒАН. ОДАН КЕЙІН ТАМДЫ АУДАНЫНДАҒЫ «СОЦИАЛИСТІК ШАРУАШЫЛЫҚ» ГАЗЕТІНДЕ, АУДАНДЫҚ СПОРТ КОМИТЕТІНДЕ Т. Б. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЕҢБЕК ЕТЕ ЖҮРІП, ӨЛЕҢДЕРІН ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРТАЛЫҚ БАСПАСӨЗДЕРІНЕ ЖАРИЯЛАП, КӨЗІ ТІРІСІНДЕ «ЖАЗУШЫ» БАСПАСЫНАН «ЖИДЕЛІБАЙСЫН», «ТАҢҒЫ ДАУЫС», «САНАМАҚ», «ЖОЛ АЯҚТАЛМАЙДЫ» АТТЫ КІТАПТАРЫН ҒАНА ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРЫП ҮЛГІРДІ.
ДЕР КЕЗІНДЕ ЕЛЕНБЕЙ, БҰЛ ӨМІРДЕН ЕСЕСІ КЕТКЕН АҚИЫҚ АҚЫНДЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ӨЛЕҢДЕР КЕҢІНЕН НАСИХАТТАУ — ӨЗІ ӨМІРДЕН ӨТКЕН СОҢ ҒАНА ҚОЛҒА АЛЫНА БАСТАДЫ. АТАП АЙТҚАНДА, АҚЫННЫҢ ЖАҚЫН ДОСЫ БОЛҒАН, БЕЛГІЛІ СЫНШЫ ЗЕЙНОЛЛА СЕРІКҚАЛИЕВ ҚОЛЖАЗБАЛАРЫН ЖИНАП, «ОЙ КЕШУ» МЕН «КҮН АСТЫНДА – ҚҰДІРЕТ» АТТЫ КІТАПТАРЫН ШЫҒАРСА, ӨМІРЗАҚТАНУШЫ ҚАЛИ ЖОЛДАСОВ «СЕЗІМ СӘТТЕРІ» ДЕП АТАЛҒАН КІТАПТЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРДЫ. СОНДАЙ-АҚ 1996 ЖЫЛЫ ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШҚҰДЫҚ ҚАЛАСЫНДА АҚЫННЫҢ ТУЫЛҒАНЫНА 60, 2006 ЖЫЛЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА 70, 2016 ЖЫЛЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ ТЕМІРТАУ ҚАЛАСЫНДА 80 ЖЫЛ ТОЛУЫНА БАЙЛАНЫСТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ШАРАЛАР ӨТКІЗІЛСЕ, 1997 ЖЫЛЫ ҮШҚҰДЫҚ ШАҺАРЫНДАҒЫ БІР МЕКТЕПКЕ, 1998 ЖЫЛЫ ТАМДЫ АУДАНЫ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТҚА Ө.ҚОЖАМҰРАТОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛІП, ТАМДЫДАҒЫ БІЛІМ ҰЯСЫНЫҢ АЛДЫНА АҚЫННЫҢ МҮСІНІ ОРНАТЫЛДЫ.
КЕЗІНДЕ ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ШЫҢЫН ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ, ЖҮСІП ҚЫДЫРОВ, ҚҰДАШ МҰҚАШЕВ, МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ, ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ СЫНДЫ ТАРЛАНДАРМЕН ИЫҚТІРЕСЕ БІРГЕ БАҒЫНДЫРҒАН ТЕК ӨЗІНЕ ТӘН ҚОЛТАҢБАСЫ БАР ӨМІРЗАҚ ҚОЖАМҰРАТОВТЫҢ ЛИРИКАЛЫҚ ЖЫРЛАРЫНА БҮГІНГІ ОҚЫРМАН ҚАУЫМНЫҢ ДА СҰРАНЫСЫ КҮШТІ.ТУҒАН ЖЕРІ — ТАУ ЕЛІ МЕН ҚАЗАҚ ЕЛІ АРАСЫНА ТАЛАЙ ҚАТЫНАП, ТАБАНЫН ТОЗДЫРҒАН, ӨЗ ЖЕРІНДЕ ДЕ, ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ДЕ ЕШКІМ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ШЫНДАП КӨҢІЛ БӨЛМЕСЕ ДЕ, ӨЛЕҢДЕРІНІҢ МӘҢГІ ӨМІР СҮРУІНЕ МҮМКІНДІК ЖАСАУДАН ЕШҚАШАН ТАЙМАҒАН ӨМІРЗАҚ АҚЫННЫҢ БІР ТОП ЖЫРЛАРЫН БҮГІН ОҚЫРМАННЫҢ НАЗАРЫНА ҰСЫНУДЫ ЖӨН КӨРДІК.
ӘБДІСӘЛИ ДӘУЛЕТБАЕВ.

ТУҒАН ЖЕР
Маған Мекке, Мәдине,
Венеция, Париж не?!
Туған жердің шөліндей ыстық
емес, әрине!
Жан анамдай қадірлі менің туған
байтағым,
Жердің жәннат-жұмағы — Қызылқұм деп айтамын!
Осы аймақтың тұзы емес пе алғаш рет татқаным,
Осы аймақтың қызы емес пе алғашқы тіл қатқаным.
Осы аймақта қалды балғын, шырын, шәрбат шақтарым,
Шапағатым,
Махаббатым,
Аппағым.
Туған жерім – Тәңірім,
Өзіңмен бір соғады қан
тамырым.
Аттап өтіп кете алмаймын
ешқашан,
Атажұрттың қабірін.
Сенсің, мәңгі қар шалмайтын жоталым,
Сенің зарың сияқтанар боздағаны ботаның.
Сенен ғана басталады мынау әлем, тіршілік,
Сенен ғана басталады менің шексіз Отаным.
Көтерісіп тұрсың ұлы тірлікті,
Сенде ұлы тірлік құтты,
Бірлік құтты,
Жыр құтты.
Жұмыр жерге жүрек болып, от беріп,
Қуанышын, қайғысын да тұрсың бастан өткеріп.
От, дауылын,
Қар, боранын,
Таң нұрын,
Жұттық бірге, жұттық жұпар жаңбырын.
Жұмыр жермен бірге сенің,
Менің-дағы тағдырым.
Ей, туған жер,
Бір пұшпағы құрлықтың!

Мен кішкентай болғаныммен,
Менен ұлы жыр күттің!
Сені ойласам өлген бабам тіріліп,
Саған қарай жол бастайды бұрылып.
Еш жерде жоқ, саған біткен ірілік,
Еш жерде жоқ, саған біткен ұлылық!
ТАМДЫБҰЛАҚ

Ашып тастап қазына жиған
сандығын,
Әр тасына тіл бітіп тұр
Тамдының.
Ақ лағыл мен ақ мәрмәрдің
аймағы,
Тамдыбұлақ — таңдай қағар ән
бүгін.
Жер бетіне шұғыла құяр
жарқылы,
Мұрынтаудың мың құбылған
алтыны.
Жұлдыздарға зулап бара
жатырмын,
Қиял жетпес осынау байлық
арқылы.
Тұңғиық сыр тұнып тұрған
құшағы,
Ақтау — әйбат, ақ лайнер боп
ұшады.
Адамзатқа арман болып
қалар ем,
Ақын болмай, Ақтау болсам, мысалы.

Менделеев кестесіне сыймаған,
Мен Тамдыға теңеу таппай қиналам.
Мүмкін емес мұратына жетпеуі…
Туған жердің топырағын сыйлаған!
ӘЛЕМ АЛДЫНДА
Жапон, үнді, ағылшын да, негр де,
Өз көгім деп жыр оқиды елінде.
Аспан жайлы өлеңім бар
менің де,
Бір аспанды айтып
жүрміз тегінде.
Француз да, немістер де,
негр де,
Жыр жазады өз жерім
деп елінде.
Дала жайлы дастаным бар
менің де,
Мына әлемді жырлап жүрміз

тегінде.
Жұмыр Жердің қай тұсында
көз ілдір,
Тынысым бір,
Тірлігім бір,
Сөзім бір.
Ей, адамдар!
Ойланатын кезің бұл,
Бір ауаны жұтып жүрміз көгілдір.
Өз көңілім шәк-шүбәсіз
сеніп тұр,
Жер-жиhанға былай дегім
келіп тұр:
«Арамызды ала көңіл бөліп тұр,
Әйтпесе біз түбіміз бір туыспыз,
Мен барайын немесе өзің
келіп тұр.
Аруағын дана Гомер бабайдың,
Тірілтейік отауында Абайдың.
Ғазалдарын жатқа оқыңдар,
бауырлар,
Рудаки, Низами мен Науаидың.
Омырауы от Назрулдар

өксіп жүр,
Көнбес жүрек көкіректі
тепсін бір!
Ғасырларды саты қылып,
атылып,
Пушкин, Байрон, Мицкевич
төксін жыр!
Дінің басқа, тілің басқа, ділім бір,
Өздеріңе жетсін достық
үнім бұл!
Дүниені дүркіретсін өлеңім,
Қазақшалап оқиыншы
бүгін жыр!»
АВТОГРАФ
Кітапшамды қолдан-қолға жеткеріп,
Тұрасыңдар шабыт беріп,
от беріп.
Өз қаныңды тулатпаса,
Шулатпаса өлеңім
Өртеп жібер,
Кетсін мүлде жоқ болып!
Қолтаңбада қолға ұстарлық

жоқ белгі,
Жолықтырсаң қаңтарларды,
көктемді.
Арып-ашып әрі ғашық мен
келем,
Сағынышым самғап ұшып
кеткен-ді.
Бал мен зәрі тамшылаған тілінің,
Мұнда Өмірзақ Қожамұратұлының,
Жүйкесінде жыл керуені жүріп тұр,
Ал жүрегі — кеуде керіп
ұрып тұр!
ТЫҢДА МЕНІ
…Мен өлгенде
Құламайды аспаның,
Жер бауырлап жыламайды жас-кәрің.
Бұрынғыша жалғасар жұрт тірлігі,
Сен де егілмей жарық дүние
жақ шамын.
Досым жоқтап, жан сырымды ескерер,
Өлеңімді отқа жағар кещелер.
Құшағымда күйіп жанған
жұбайым,
Қу сүйекті құшуға да сескенер.
Не бітіріп кеттім дейін
сонда мен?
Бірім досым, бірің қасым
болған ең.
Күнәлімін, кінәлімін…
Әйтпесе,
Шыбын жанды шырқыратпай
қорғар ем.
Тіл болған соң не сұмдықты
күте бер,
Жан жарасын жамау болып
бітеді ол,
Жүйкеңді де жүндей сабап
түтеді ол.
Шапағатты тілемейді Құдайдан,
Бұйырғанын өз тілінен күтеді Ел.
Шындық солай,
Әзірге мен тірімін.
Күй сарайын күмбірлетіп тұр үнім.
Бұрқыратып темекісін күні-түн,
Жазып жатқан көп ақынның
бірімін.
Самал ашып дәптерімнің парағын,
Өз қаныммен өлең өрдім,
қарағым,
Көрген сайын қол жетпейтін
биіктен,
Армандағам айдың алтын
тарағын.
Күлдірмесем, күңірентер –
Кезінде
Менің де бір айтылмаған бар
әнім.
АР АЙНАСЫНДА
І
Сен ақшаңа қарадың,
Көңіліңде бар алаң.
Мен бақшаға қарадым,
Гүл шоғынан нәр алам.
Сен сауданы мақтадың:
«Біле білсең пайда!» деп.
Мен тауларды мақтадым:
«Таудай болу қайда?!..» деп.
ІІ
Сен: «Жұмыстан қудырам» деп
киліктің,
Биліктің барына сендің.
Мен: «Жаңалық тудырам» деп
түйліктім,
Арыма сендім.
Сен бастығыңа сендің,
Жағынып жалпаңдай-тұғын.
Мен жастығыма сендім,
Тауларды талқандай-тұғын.
ІІІ
Қол ұзындығыңа қарап,
Бар малыңды айттың.
Мен қобызыма қарап,
Арманымды айттым.
Өнеріме қолыңды сіліккесін,
Білдім,
Бақи басымыз бірікпесін.
Қобызыма қосылып жүре бердім,
Байлық тірлік,
Ит тірлік –
Құрып кетсін!
***
Сен менен де сыр тарттың,
Бас амандығыңды көздейтініңді айттың.
Мен кейінгі ұрпақтың
Сөгетінін сезбейтініңді айттым.
Шыбындай жаның үшін
Жауыңа сатылып кеттің.
Аққудай арым үшін
Алдымен атылып кеттім…
БИІКТЕР
Маңдайға жазған о бастан,
Қырандар үшін биікті.
Көз алды оның – көк аспан,
Көгілдір арман сүйікті.
Қанатсыздарға бәйге емес –
Саңқылдап көкте шарықтау.
Талантсыздарға қайғы емес –
Сұңқарын елге танытпау.
Жұмыртқа жайлы шүйлігіп,
Жұлқына мақтар тауықты.
Қырандар қайтсін килігіп,
Қырғи да оған қауіпті.
Бұлттарды турап тастаған
Қос қанат —
Қара семсермен.
Қырандар қиқу бастаған,
Көз жазбай өткем мен сенен!
***
Биік деймін,
Биік менің не теңім?
Ұлы таудың жайласамшы етегін.
Шың-құздардың сымбатына бір қарап,
Ойда тұрып,
Шырқасам да жетеді үн.
Шыңырау деймін,
Шыңырауды мен не етемін?
Балбұлақтың маңы емес пе мекенім.
Маңдай терді тамшылатсам, тасты да
Бау-бақшаға айналдырып кетемін.
Өлгендер қайтып келеді
ӨЛЕҢДЕР ҚАЙТЫП КЕЛДІ.
Желбіреп жасыл желегі,
Балауса балдыр,
Балғын көк,
Өлгендер қайтып келеді
Орман боп,
Жасыл шалғын боп.
Қабылдап күннің ыстығын,
Өлгендер қайта жаңғырып,
Түсіне білсең құс тілін,
Айтады жырын мәңгілік.
Шіріген дене, дүние-ай,
Топырақ болып айтады ән.
Жәндік боп,
Шөп боп,
Әйтеуір,
Жаралуы рас қайтадан.
Адам ба, шөп пе, аңдар ма
Сапарын жолда тауысқан,
Көз тігіп келер таңдарға,
Басқа бір күйге ауысқан.
Тіршілік қаулап құлпырып,
Күн сөнбей ешкім өлмейді.
Жүрегім – бұлбұл бұлқынып,
Жыр етпей тыным көрмейді.
Жүрегім, миым, шынында,
Нұрына күннің байланып,
Көздердің қарашығында
Тұрады әлем айналып.
***
Жарықтық Жер-ай!
Гүл атып тұрған шақта сен,
Өзіңе теңеу әлемнен іздеп таппас ем.
Мешкейлер әлдеқашан-ақ
Арқалап кетер еді ғой,
Сиятын болсаң қапқа сен…
ҚҰЛЫПТАСТАҒЫ ЖАЗУЛАР
Ажалдан құтылмайсың шығынғанмен,
Көз көрмес қиян шетке тығылғанмен.
Көретін алдан әлі күнің болса,
Жанбайсың өрт ішіне жығылғанмен.
Аллаға патшаң да бір, сағырың бір,
Тартқызар қияметтің зәбірін бір.
Ей, пендем, аз ба, көп пе ғұмырыңда,
Тасынбай әр күніңнің қадірін біл!
***
Қарызын сұрар деймісің,
Қашасың қайда, бәтшағар?
Өлмеймін, әлде деймісің,
Өлгенде нендей патшалар?
***
Ешкімге де тас атпа, екен ғой деп санасыз,
Ол да өзіңдей бейшара, ол да өзіңдей панасыз.
***
Тірлігіңде қалдырма ешкімнің де көңілін,
Қысқа жіптей күрмеуге келмей қалар өмірің.
***
Тұрсын ойда жақсы пікір ұялап,
Бейшараға жасай көрме қиянат.
***
Жүрегіңде ұят, иман болмаса,
Өмір сүріп жүргенің де далбаса.
***
Саған қарап қала қоймас ел күні,
Ақыр түбі барар жерің белгілі.
***
Біле кет!
Ақылдан адасқандардың,
Ажалдан адаспайтынын.
Тақ үшін таласқандардың,
Табытқа таласпайтынын!
***
Шыбынымды шырқыратып, жылатып,
Кетпейді ешкім көр-лақатқа құлатып.
Әр қазақтың жүрегінде, миында,
Жүремін мен гүл атып!
***
«Екпінімнен тау көшіп, қар құлаған,
Тұлпар деп тұмарлаған, жарғылаған.
Зымырап өте шыққан күндерімде,
Мені де іздей-тұғын бар бір адам».
***
Ұмытып басқа жайды, басқа мұңды,
Ұмытып ай-күніңді, аспаныңды,
Қыбырлап қу құлқынның құлы болма,
Қуарған жалғыз ойлап бас қамыңды.
Біліп қой, өлім ерте, кеш келеді,
Мал жиып тындырмайсың ештеңені.
Көрінсе жалқы молаң айдаладан,
Дейді жұрт: «Иттей тірлік кешкен еді».
***
Өсек-аяң, қиянаттан құтылған,
Тірісінде пысықтардан ұтылған.
Ақын жатыр үнсіз тілі байланып,
Жырлары жүр дүниені айналып.
ӨМІРЗАҚ ҚОЖАМҰРАТОВ.