АҚСАЙ ОКРУГІ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

0
69

28 МАМЫР КҮНІ АУДАН ӘКІМІ С. АМАНБАЕВ, АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ІС САПАРМЕН БАРЫП, ОКРУГ ӘКІМІ Е. БЕГИМОВТЫҢ АҚСАЙ, БІРЛІК, ШЫҒЫРЛЫ ЖӘНЕ АЩЫСАЙ АУЫЛДАРЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖӘНЕ АТАЛҒАН АУЫЛДАРДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРЫН АРАЛАДЫ. ІС САПАРҒА АУДАН ӘКІМІМЕН БІРГЕ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ Б. ШАИМОВ, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ Е.ЖОЛДЫҒАРИН, АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ А.ҚҰЛМҰХАНОВ Т. Б. БӨЛІМ ЖӘНЕ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ДА БАРДЫ.

Ақсай ауылындағы кездесу барысында Е. Бегимов, округті дамыту бағытында атқарылған шаралар мен алға қойылған мақсат-міндеттеріне тоқталды. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» бойынша жылыжай салу және бау-бақша егу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, округке қарасты Ақсай, Бірлік, Шығырлы ауылдарына кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстарының барысы, елдімекендерді көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан шараларды баяндады. Өз кезегінде тұрғындар ұсыныс, сұрақтарын қойып, оларға тиісті жауаптар берілді.
Кездесу соңында аудан әкімі Е. Бегимовқа тұрғындардың өтініштерін бақылауға алуды, елдімекенде ауылшаруашылығы бағытында кәсіп ашуға қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Тұрғындармен кездесуден соң, аудан әкімі С. Аманбаев, ауылдағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарына барып, солардың бірі — “Ауыл аманаты” жобасының қатысушысы Бану Жұбаназаровамен кездесті. Б. Жұбаназарова 1 млн 980 мың теңге қаражат алып, бүгінге дейін 100 шақты жеміс көшеттерін, атап айтқанда алма, алмұрт және шие ағаштарын отырғызған және көшет отырғызуды одан әрі жалғастыруда.
Сондай-ақ аудан әкімі С.Аманбаев, Ақсай ауылдық округіндегі жұмыс сапары кезінде “Ауыл аманаты” жобасының қатысушысы Эльмира Қалниязовамен де кездесті. Э.Қалниязова 4 млн. 600 мың теңге қаражат алып, қазіргі таңда жылыжай жұмысымен айналысуда. Ол, С.Аманбаевқа, қазіргі таңда көкөніс көшеттерін отырғызу бойынша жұмыстанып жатқандығын жеткізді. Аудан басшысы Э. Қалниязоваға алдағы уақытта бау-бақша өнімдерінің кең ассортименті мен сапалы дайындығын ескере отырып, елдімекеннен аудан орталығына қатынау мүмкіншіліктеріне орай өнімдерін аудан орталығына ұсынуға кеңес берді.
Аудан әкімі қос кәсіпкермен кездесу кезінде бау-бақша кәсібі ауданымызда кең таралмағандығын атап өтіп, жергілікті климаттық ерекшеліктерді ескеруді назардан тыс қалдырмауды ұсынды және
Е. Бегимовке жергілікті өнім өндірушілерге тиісті қолдау көрсетіп, кәсіп ашуға ниетті тұрғындарға жоба мүмкіншіліктерін түсіндіруді тапсырды.
Осы күні аудан әкімі С. Аманбаев, Ақсай ауылдық округі әкімі Е.Бегимовтың Бірлік ауылының тұрғындарымен есептік кездесуіне де қатысты. Кездесу барысында округ әкімі Е. Бегимов Бірлік ауылының ауылішілік бағаналарды ретке келтіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысымен таныстырды.
Аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе, округ әкімі Е.Бегимовқа ауылды дамытуға басымдық бере отырып, тұрғындардың өтініштерін жіті бақылауға алуды тапсырды.
Кездесуден кейін аудан әкімі С. Аманбаев, Бірлік ауылына қарасты “Қуаныш” шаруашылық қожалығының жұмыс барысын қарады. “Қуаныш” шаруа қожалығы 2016 жылы құрылған. Аталған шаруа қожалығының иесі – Самарханов Түгел Куанышұлы. Шаруа қожалығында 328 бас ірі қара, 50 бас жылқы бар.
Мұндағы кәсіпкермен әңгімелесу барысында маусымдық мал азығына дайындық мәселесі көтерілді. Т. Самарханов шаруа қожалығындағы үй жануарларына қысқы маусымда қажетті жем-шөпті әзірлеу барысын баяндады. Е.Жолдығаринге межелеген жоспарға сәйкес мал азығын дайындау бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастыруды және Е. Бегимовке жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтарын және олардың иелігіндегі техникаларды біріктіре отырып, мал азығының жеткілікіті мөлшерде жиналуын қадағалауды тапсырды.
Сондай-ақ аудан басшысы осындағы “Айдар” шаруашылық қожалығының жұмыс барысын да қарады. “Айдар” шаруа қожалығының иесі – Ахметжан Айбол Спандиярұлы
Шаруа қожалығында 130 бас ірі қара, 8 бас жылқы мал бар. Сонымен қатар ол, ағымдағы жылы өз қаражатына 21 бас сауынды сиыр алып, сүт өнімдерін сатумен айналысып, күніне 200 литр сүт өндіруде.
Кездесу барысында аудан басшысы, А. Ахметжановқа сүт өнімдерінің кең ассортименті мен сапалы дайындығын ескере отырып, “Табыс” базарында ауданның ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін арнайы орындар қарастырылғанын және делдалсыз сауда жасауға мүмкіндік бар екендігін жеткізді, сондықтан сүт өнімдерін аудан және облыс орталығына ұсынып, балғын сүт өнімдерімен тұрғындарды қамтамасыз етуге кеңес берді.
Ақсай ауылдық округі әкімі Е. Бегимовтың Шығырлы ауылының тұрғындарымен есептік кездесуінде де, ауылына газ құбырларын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланғандығын баяндап, ауылға кіреберіс автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланғандығын, қазіргі таңда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен анықталған мердігер арасында келісім-шарт жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Кездесуге қатысқан аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе, Е. Бегимовке тұрғындар тарапынан түскен мәселелерді жеке бақылауға алуды, сонымен қатар, құрылыс жұмыстарының барысын тұрақты түрде бақылап отыруды тапсырды.
Аудан әкімі С. Аманбаев Шығырлы ауылында болған кезінде, демеушілік жолмен салынып жатқан шағын футбол алаңының ашылуына қатысты. Округі әкімі Е. Бегимов аудан басшысына тұрғындардың өтініші қанағаттандырған «Жақсымай Ойл» ЖШС екенін жеткізді. Бұл жоба құны — 22 млн. теңге.
Аудан әкімі «Жақсымай Ойл» ЖШС басшылығына және игі іске атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Ащысайдағы есептік кездесуде Е. Бегимов, ауылға газ құбырларын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жарияланғанын және алдағы жоспарда өзекті мәселе ауылды ұялы байланыс желісін орнату бойынша қажетті шаралар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Есептік кездесуге қатысқан аудан әкімі тұрғындардың ұсынысын тыңдай келе, округ әкімі Е.Бегимовқа ауылды дамытуға басымдық бере отырып, тұрғындардың өтініштерін жіті бақылауға алуды, елдімекенде ауылшаруашылығы бағытында кәсіп ашуға қолайлы жағдай жасауды тапсырды.
Ащысайдағы есептік кездесуден соң аудан әкімі С.Аманбаев, ауыл маңындағы «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолы бойындағы тал көшеттерін отырғызу жұмыстарымен танысты. Елдімекендерді көгалдандыру мақсатында «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» тас жолы бойындағы (116-119 км) тал көшеттерін отырғызу үшін аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік конкурс өткізген болатын. Тал отырғызу жобасының бас мердігері ¬— «Шалқар» ЖК. Жоба құны – 7 400,0 мың теңге. Аталған тал көшеттері елдімекенге қарасты 25 га аумаққа отырғызылды.
Танысудан кейін аудан әкімі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А. Құлмұхановқа елдімекендерді көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және көшеттердің күтімін бақылауға алуды тапсырды.
ТЕМІР ГАЗЕТІ.