Жүрегі жылы жан еді…

0
18

Өмірдің өткінші екенін кейде ұмытып кетіп жатамыз. Қатарымызда жүрген, жақсылығымен жаныңды жадыратып, айналамызды шуаққа бөлеп тұратын жақсы адамдарды жоғалтып алған кезімізде барып ойланып қаламыз.

Сондай жақсыларымыздың бірі Жаңылсын Ахметқызы еді…

Дәл қазір осылай деп өткен шақпен айтудың өзі де ауыр. Дегенмен тағдырдың жазмышына көніп, мойындауға тура келеді. Енді естелікпен бөлісуден басқа не бар дейсің…

Жаңылсын Ахметқызы 1957 жылы 5 қарашада Шұбарқұдық кентінде теміржолшылар отбасында дүниеге келді. Осындағы №554  теміржол орта мектебінде білім алып, оны бітірген соң аудандық баспаханада әріп теруші болып еңбек жолын бастады. 1976 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының механика факультетінің оқытушымамандығы бойынша оқуға түсіп, жоғары білім алып шықты.

Содан кейін арнайы жолдамамен Шұбарқұдықтағы №19 кәсіптік-техникалық училищесіне мұғалім болып келді. Аз ғана уақыт ішінде өзін  білімді де іскер маман ретінде жақсы қырынан дәлелдеп, кәсіптік білім беру мекемесіндегіәріптестерінің арасында үлкен беделге ие бола білді. Еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына егемендікке ие болған тұста экономикалық ықшамдау бағытындағы реформалар жүргізілуіне байланысты кәсіптік-техникалық училищелер саны қысқарып, Жаңылсын Ахметқызы аудан басшылығының ұсынысымен аудан орталығындағы «Айгөлек» балабақшасына меңгеруші қызметіне тағайындалды. Бұл 1994 жыл еді.

Жаңа қызметте ол білікті әрі білімді ұйымдастырушы басшы ретінде де көпшілік көңілінен шығып, ұжым алдында үлкен абыройлы, беделді бола білді.

Өз ісінің маманы қай жерде де қажет. Темір ауданы басшылығының оны мемлекеттік қызметке шақыруының да бір мәні осында еді.

Сөйтіп, Жаңылсын Ахметқызы 1997 жылданаудандық әкімшіліктің экономика бөлімінің бас маман, болып қызмет істеді. Алға қойылған міндеттердің жүйелі орындалуы, белгіленген жобалардың жоғары деңгейде жүзеге асуы үшін нақты экономикалық талдаулар, салиқалы сараптамалар қажет болатыны ақиқат. Бұл тұрғыдан ол өзін лайықты көрсете білді.

Тәжірибелі кадр кейін  аудандық мәслихаттың бас маманы, бөлім басшысы қызметтерін де абыроймен атқарды.

2016 жылы  мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар жасаған ерен еңбегі үшін аудан әкімі оған алғыс білдіріп, құрметті еңбек демалысына үлкен ілтипатпен шығарып салды. Еліміздің тәуелсіздік алған тұстарында халқымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына және жергілікті  өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 20 жылдық, 25 жылдық мерекелік медальдарымен, көптеген Құрмет грамоталарымен, «Темір ауданына  сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Кім-кімнің де өнімді еңбек етуі, алаңсыз тіршілік жасауы әдетте отбасындағы үйлесімді түсіністікке байланысты. Бұл жағынан Ізбасовтар шаңырағында әдемі шуақ орнағаны сырт көзді де сүйсіндіретін.

Жаңылсын оқу бітіріп келгеннен кейін 1982 жылы елдің азаматы Боран Оңғарұлы екеуі отау құрды. Үлкендердің ақ батасымен жаңа өмірге екеулеп қадам басты. Олардың отбасында Әсел, Нұргүл, Жанболат атты перзенттері дүниеге келді. Олар мектепте жақсы білім алып, жоғары оқу орындарында оқып, бір-бір мамандық иесі атанды.

Боран мен Жаңылсынқыздарын қияға ұшырып, ұлын ұядан қанаттандырып, солардың арқасында құдандалы-жекжатты болды.

Боран Оңғарұлы — елдің сыйлы азаматтары, көп жыл ел басқару қызметінде болды, халықпен тығыз араласып, көпшілік мүддесін шешу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ол аудан әкімінің орынбасары,аудандық мәслихаттың хатшысы болған тұстарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге белсене қатысты, көптеген игілікті істердің ұйытқысы болды. Бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өзінің ұзақ жылғы тәжірибесі мен тағылымын халық қажетіне арнап жүрген белсенді депутаттардың бірі.

Болат Оңғарұлының қызметтегі жетістіктерінің жемісі ретінде Жаңылсын жарының жақсылығына айтпай кетуге болмас еді. Ол азаматының қас-қабағына қарап, оны пір тұтып, өз тектілігін сөзімен де, ісімен де танытты.

Жаңылсын, бір жағынан, туған сіңілімдей болып кеткен жан еді. Біз Шұбарқұдық елді мекеніндегі Абай атындағы көшеде іргелес тұрдық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, өзі көпбалалы отбасында дүниеге келіп, ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесін ұрпақтарына ілгері сабақтастыра жалғастырған өнеге иесі еді ол.

Өзіне тән қасиеттері — өте мейірімді, ақжарқын, мәдениетті, көпшіл, қысылған адамға қол көмегін беруге әрдайым дайын тұрушы еді. Қай қызметте жүрсе де, адал еңбегімен абыройлы болды.

Бүгінгі күні біз үшін Жаңылсын туралы айтылған әрбір жылы лебіз, әрбір естелік көңілімізге демеу болғандай. Астана қаласынан курстасы Гуля Исаева былай деп жазыпты: «Бізді табыстырған — әсем қала Алматы төрінде өткен студенттік шақтарымыз, жастығымыздың жарқын күндері. Біз оны еркелетіп Жаңыл дейтінбіз.

Біз әуелі дайындық курсында бірге оқыдық, одан кейін сынақтан өтіп, институтқа қабылдандық. Ауылшаруашылық институтының жатақханасында №60 бөлмеде бірге тұрдық. Сөйтіп, бірге туған туыстай болып кеткен жандар едік.

Сессияға бірге дайындалатын күндеріміз, курстық жұмыстарды бірге жазып, емтихандарға әзірленетініміз — бәрі-бәрі есте. Жаңыл соның бәрінде өзіне тән қасиеті — мұқияттылығымен көзге түсетін. Уақыт тауып кино, концерттерге де баратынбыз.

Жаңыл достарымыздың ішінде мейлінше қарапайым, үнемі күлімсіреп жүретін мейірімді, әсем де әдемі жан еді. Бізді жігерлендіріп, алға бастап жүретін.

Кейінгі кездесулерімізде ол өзінің азаматы Боран туралы, балаларының жетістіктері жөнінде мақтанышпен айтып отыратын. Жұмысында да беделді қызметкер болғанын білетінбіз.

Біз оны ылғи құрметтеп, өз ортамызда үлгі тұтып жүретінбіз».

Бүгінде Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесін басқаратын Ахат Мырзалиннің Жаңылсын туралы пікірі оның бейнесін тереңірек аша түседі деп ойлаймыз.

«Мен 1999 жылы Темір ауданының тізгінін ұстап, өңірді тоғыз жыл басқарған кезімде кадр мәселесі жөнінде терең зерделеп, Жаңылсын Ахметқызы сияқты білімді,білікті мамандарды қызметке тарта бастадым. Кадр таңдау кезінде Жаңылсын тұрғысынан қателеспепін. Ол мемлекеттік қызметке келгенге дейін тәжірибесі толысып, ауданымыздағы №19 кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық қызмет атқарып, кейін балабақша меңгерушісі болып еңбек етті.

Ауданымыздың күрделі жауапты саласы — экономика бөлімінің қызметкері,аудандық мәслихаттың бөлім басшысы ретінде адал қызмет жасады. Мемлекетік қызметтің қай саласында қызмет жасасада,білікті, білімді маман екенін дәлелдеп,өзінің әріптестерінің арасында үлкен беделге  ие бола білді», — дейді ол.

…Өмір бір орында тоқтап қалмайды. Әулеттің қасиетті шаңырағының құт-берекесі, сүйікті жар, мейірімді ана, сүйікті әже болған Жаңылсын Ахметқызының арамыздан кеткеніне де жүз күндей уақыт өтіпті. Қимас адамдарымыздың өмірден мезгілсіз өтуі өкінішті ақ…

 Гүлжан ТӘУІРБАЙҚЫЗЫ,

білім саласының ардагері.