Қысқа дайындық пысықталды

0
32

Аудан әкімі А.Жақсылықовтың төрағалығымен ауданның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне қатысты өзекті мәселелер талқыланған аппараттық мәжіліс өтті.

Мәжіліс барысында 2026–2027 жылдардың қысқы кезеңіне дайындық, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту және жалпы ішкі саясат бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды.

Алдымен қысқы маусымға дайындық мәселесі талқыланды. Аудан аумағындағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстау, қар тазалау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы сөз болды. Сонымен қатар арнайы техникалардың әзірлігі, жанар-жағармай мен инертті материалдар қорының жеткіліктілігі, қолайсыз ауа райы кезінде жол қатынасын үздіксіз қамтамасыз ету шараларына назар аударылды.

Келесі кезекте елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мәселесі қаралды. Атап айтқанда, мекенжайлық реестрді өзектендіру, көше аншлагтарын бірыңғай талаптарға сәйкес орнату, қоғамдық орындарды абаттандыру және көшелердің тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар пысықталды. Бұл ретте елді мекендердің көрікті, таза әрі тұрғындарға қолайлы болуын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.

Сондай-ақ жалпы ішкі саясат бағытындағы жұмыстар, алдағы уақытта аудан көлемінде өткізілетін мерекелік, мәдени-көпшілік және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың ұйымдастырылу барысы талқыланды. Іс-шаралардың мазмұнды өтуі, тұрғындардың белсенді қатысуы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту мәселелері назардан тыс қалмады.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшылары атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, олардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сонымен қатар тапсырмалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Басты міндет – қысқы маусымды қауіпсіз әрі кедергісіз өткізу, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.