«КӨРІНБЕС КӨКТЕМІР» КӨТЕРІЛІСІ

0
595

 

     Қазақ халқының  тарихында білек күшімен, шешен тілімен, ақыл парасатымен үлгі болатын батыр қыздар аз болмаған. Ертедегі Қыпшақ қыздары, «Тұрандот ханшайымдар» сұлу сымбатымен, табиғи тартымдылығымен, шығыс қыздарына тән  сән-салтанатымен ерекшеленген. Патшайым болып, ел басқарған Томирис, ел тағдыры үшін өз махаббатын құрбан еткен сақ қызы Зарина, Шыңғыс ханның әйелі жат елдікке пенде болса да, ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын үйреткен қоңырат қызы  Бөрте ханым, Қабанбай батырдың жары Гауһар, Ресейге қарсы шыққан Кенесарының қарындасы Бопай, батырлығымен  көзге түскен Есет батырдың қызы Ботакөз сияқты қыздарымыз аз болған жоқ. Солардың бірі қобдалық Сапура Мәтенқызы.

 

Сапар   немесе    Сапура – 1775-1776 жылдары Елек, Ұлы Қобда өңірлерінде патша үкіметіне қарсы бағытталған көтеріліс қимылдарына белсене қатысқан. Е. Пугачев бастаған көтеріліс қазақ жерінде жалғасқан кезде,  қозғалысты басқарған  «Көрінбес», «Көктемір», кейде «Әулие» деген жанама аттармен белгілі болған, тылсым күштермен байланыс жасаған 22 жасар Сапар Мәтенқызы есімді қазақ қызы  болатын.

1775 жылдың күзінде Ұлы Қобда өзенінің бойларын жайлаған Табын, Тама рулары ауылдарының ішінде «Көктемір», «Көрінбес» немесе «Әулие» деген аттармен белгілі бір жұмбақ күш пайда болады. Деректерге қарағанда, оны тек заты әйел бір адам ғана көріп, тілдескен. Осы жұмбақ тыс күшпен байланысқа түскен әйел адам, халықты күресті тоқтатпауға шақырып, әртүрлі жолдармен үгіт жүргізеді. Ол туралы аңыз-әңгімелер ел арасына кеңінен тарайды. Әңгімелерге қарағанда, ол жай адамдарға тән емес, өзі де бір тылсым күшке ие әйел баласы болып суреттеледі. Аталған ғажайып, құдыретті күштердің қолдауымен ол халықты жаңа көтеріліске үндейді, Пугачевтің қайта оралатынына сендіреді. Бұл әйел адам – Сапар Мәтенқызы болатын.

Оның үндеулері жазалаудан кейін күйзелген ел ішіне тез тарап, қолдаушылары көбейді. Осындай адамның пайда болғаны туралы сыбыстар басқа руларға да таралды. Мұндай хабарлар еңсесі түскен халықтың көңілінде үміт отын қайта тұтатты. Өздеріне шектес жерлерде күрес жүргізген Пугачев, қазақтарға бірқатар жеңілдіктер уәде еткен еді. Осындай себептерден оның келуін күткен халық «Көктемірді» әулие тұтып, қыз баланың айтқандарын орындады. Қол астына жергілікті және басқа да ру өкілдерінен құралған қарулы 1500 адамдық жасақ жиналды. Белгілі бір себептермен көтерілісті Досалы сұлтан мен оның ұлы Сейдалы сұлтандар қолдады. Сол тұста олардың қыстаулары Қобда өңірінде орналасқан болатын. 1775 жылы күзде Сейдалы сұлтан, Қалыбай, Қадыр, Садыр, Тотай т. б. батырлар бастаған 400 адам башқұрттарға жорық жасап, олардың екі ауылын талқандап, 33 адамын тұтқындады. Бұл жорық, башқұрттардың жазалау әскер құрамында қазақ ауылдарын күйзелтуіне жауап болып табылғанымен, оған Сапардың үндеулерінің де тікелей қатысы болды. Жорыққа қатысушы Табын, Тама, Жағалбайлы, Шекті, Шөмекей және Байбақты руларының сарбаздары, башқұрттарды Пугачевтен күдер үзбей, мұсылман халықтары ретінде бірігіп, Ресейге қарсы соғысуға шақырды. Сейдалы сұлтанның оларды күреске шақырған хаттары Орынбор архивінде сақталған. Осы жорықтан соң да қазақтар орыс шептеріне бірнеше рет шапқындар жасады. Жиналған әскер егер әулие бұйырса башқұрт жеріне шабуыл жасап, Уфаға дейін жетуге әзір болған. Бірақ  осыдан кейін «Көрінбес», башқұрттарға жорық жасауға тыйым салады.

Пугачев көтерілісі қазақ даласында басылғаннан кейін, бір жылдай уақыттан соң, қайта басталған шабуылдар мен үндеулер Орынбор өлкесі әкімшілігін таң-тамаша етті әрі біраз әбігерге түсірді. Қазақтар қолынан қашып шыққан бір тұтқын адам шапқындардың қазақ ауылдарында пайда болған бір «көрінбейтін әулиенің» айтуымен жасалып жүргенін жеткізгенімен, өлке басшылығы оны назарға алмаған еді. Шапқындар бойынша жағдайларды реттеуге тырысқан Кіші жүз ханы Нұралы, Ұлы Қобда бойындағы Досалыға қарасты Табын, Тама ауылдарында, адамдарға көрінбейтін бір «бейненің» пайда болғанын мәлімдеді. Оның жиындарда ресейліктерге шабуылдар жасауға шақыратындығы айтылды. «Көрінбес» жөнінде, өлке басшылығы тарапынан Нұралыға жіберілген, сотник Дерковский де хабарлады. Ол Табын руында «бұқаның даусымен сөйлейтін бір көрінбейтін жанның» пайда болғанын таңдана жеткізді. Осы жұмбақ жанның нұсқауымен жергілікті халық Орынбор не Орал тарапына жорыққа аттануға даяр болған.

Орынбор басшылығының қолына түскен тұтқынның айтуынша, бұл әулие қазақтарды әзірге өзі тұрған кезде, оларға ештеңе де болмайтынын айтып сендірген. Бұл мәліметтерді өлке басшылығы шынайы қабылдай қоймаған. Алайда ол жайында Нұралы хан да хабарлағаны айтылды. 1775 жылы желтоқсанда Табын руынан Тіленші батыр Бөкенбайұлы, Жездібай батырдың ұлы Есенкелді, Дәулет Құланұлы, Орысбай, Тәңірберді есімді адамдар және Шекті руынан аттары аталмаған бірнеше адам ресейлік 12 адамды қолға түсірген болатын. Осы және жоғарыдағы башқұрттарға шабуыл бойынша  көрінбейтін бір бейненің пайда болғанын жеткізген Нұралы хан, ол жиындарда «бейпіл» сөздер сөйлеп, ресейліктерге шапқындар жасауға шақырып, башқұрттарды да жорыққа үндегендігін айтқан. Оның «әзәзілдік» үгітіне, Досалының ұлы Сейдалы өзі тәрізді «еліккен» адамдармен башқұрттарға барып, оларға ойран салып қайтқан (ОрОМА. 3-қор. 1-т., 153-іс, 38-п.). Қобда сағасында отырған ауылдар «өзін көрсетпейтін» жанның айтуымен орыс бекіністерін шабуды да көздеген.

1775 жылы желтоқсанда Сейдалы бастаған Шекті, Шөмекей, Байбақты, Жылқышы Табын және Тама руларының сарбаздары шепке тағы жорық жасады. Орынбор губернаторы Рейнсдорп Нұралы ханға хат жолдап, туысы Досалы сұлтанға ықпал етуді, оның өзін де, ұлын да үкіметке қарсы әрекеттерден тыюды талап етті. Өлке басшысы ордадағы лауазымды сұлтандардың қайдағы бір «көрінбейтін әулиелерге», ырымдарға сенуі, ондайларға жол беруі ұят нәрсе деп көрсетті. Мұндай мазмұндағы хат Досалының өзіне де тікелей жолданды. Бұл кезде «Көктемір» Пугачевтің тірі екенін, оның орнына басқа біреудің өлтірілгенін, «жаңа патшаның» 20-30 мыңдаған казак, башқұрт т. б. халықтардың әскерімен қазақ даласына келе жатқанын айтуда болған. Оның айтқандарының орындалмауына, күткен адамдарының келмеуіне байланысты халықтың қойған сауалдарына ол бірде әскердің Қазан маңында жүргенін, енді бірде басқа себептерді айтып, оларды рухтандырып, сендіре білді.

Нұралы хан 1776 жылы қаңтарда «Көрінбес» туралы мән-жайды білу үшін ұлы Есім сұлтан мен ел ішінде беделді Сырым батырды аттандырды. Олар халық арасына ешқандай да «көрінбеске» сенбеуді, ол жөнінде қасиетті Құранда да, пайғамбарлар әңгімесінде де жазылмағанын айтулары тиіс болды. Дегенмен бұл адамдар да «Көктемір» жайында жаңа ақпарлар ала келді. Нұралы осы туралы губернаторға мәлімдеме жасады. Бұл жазбаларда «Көктемір» атанған жанның адамша сөйлейтіні, ауыл-аймақта тұрақты тұрмайтыны, оралған кездері адамзатқа тән емес дыбыстармен өкіретіні, оны тек бір жас қазақ келіншегінің ғана көріп сөйлесе алатыны сипатталды. Қосымша дәйектерді сотник Дерковский де тағы ұсынады. Осы жазбаларда көрінбес атанған жанның кейде екі-үш тәулікке дейін белгісіз жаққа жоғалып кететіні, оралған кезде сиырларша өкіретіні, басқа да сипаттары келтірілген: «…Тот невидимка в урде живет говорит человеческим голосом, от урды уходит, пропадает сутки по двое и по трое а куда уходит не знает. А когда идет обратно в урду  ревет по скотской как короваа когда в урде бывает все бунчит. А видеть никто не может только одна женка которая находится при нем разводит огонь она видет и пересказывает, что ходитна четырех ногах, на всех ногах сапоги;оказует себя бусым быком голова человеческаяносит шапку а рога быковье спина все железная…» (ОрОМА. 3-қор, 1-т., 152-іс, 90, 183-184 пп.). Жұмбақ жанның «Көктемір» аталуы да оның арқа тұсының темірден болғанынан шыққан.

1776 жылы ақпанда қазақ даласында қолға түскен, өз туыстарын босатуға келген башқұрт биі Мәметей Нұрымбетов, жоғарыдағы хабарларды толықтай растады. Ол Сейдалы сұлтанның бағыт сілтеуімен Қобда өзенінің жоғарғы жағында көшіп-қонатын Жақсылық батырдың ауылына келген. Бірақ оның қай рудан екенін білмеген. Осы башқұрт биі әулиенің киіз үйінде де болғанын, онда бір жас қазақ келіншегінің ас-ауқат беріп, қонақ еткенін хабарлайды. Қонақтар дәм татып отырған кезде әйел «Көрінбестің» келе жатқанын айтқан. Бұлар далаға шыққанда: «Сендер не үшін келдіңдер» деген дауысты естіген. Мәметей өзінің қызы мен келініне келгенін айтқан. Сонда киіз үйден шыққан дауыс, бидің башқұрттар арасында сыйлы да жасы үлкен адам екенін айтып, туыстарының босатылатынын жеткізген. Осылайша, қазақ келіншегі кездесу кезінде әулиемен байланысқа түсіп, Мәметейдің тұтқындағы қызы мен келінін босаттырған. Бұл кездесу біршама түсініксіз жұмбақ жағдайларда өткен, ел аузындағы «Көктемір» бұлардың көзіне көрінбей, үй ішінен аталған әйел арқылы тілдескен. Сөзінің соңында Мәметей, Досалы сұлтан мен басқа да игі жақсы адамдардың бұл көрінбейтін жанды «жын» ретінде санайтындарын жеткізген. Осы ақпан айында Қалыбай, Қадыр, Садыр, Жанболат, Тасболат және Жолбарыс батырлар бастаған 300 сарбаз Красногорская, Ильинская бекіністеріне қарай жорық жасаған болатын.

Жоғарыдағы ақпарлардан соң губернатор Рейнсдорф елді дүрліктірген жұмбақ жанға өзі де назар аударып, ол туралы шынайы мәліметтер әкелу үшін саудагер кейпіндегі арнайы тыңшыларын жібереді. Ғұбайдолла Адғамов пен Райымқұл Ыбраев есімді екі татар тыңшысы 1776 жлы наурызда «Көктемір» ауылында болып, жағдайды өз көздерімен бақылады. Олар сырт күштермен байланысушы Табын руынан шыққан 22 жасар Сапар Мәтенқызы есімді қазақтың жас келіншегі екенін анықтады. Халықтың айтуынша, ол жастайынан сырт күштермен байланысқа түскен екен. Мұны ел-жұрт «жынға» балаған. Күйеуін Еділ бойынан қашқан қалмақтар өлтірген соң, Сапар әмеңгерлікпен оның інісі Жанбалтаға тұрмысқа шыққан. Алғашқы күйеуі де оның бөгде күштермен байланысын байқап жүреді екен. Өткен күзде соңғы күйеуіне шыққан кезден бастап, өзінің осы жұмбақ істерін жасай бастаған. Жанбалта мен Досалы сұлтан, ұлдарымен бірге оның бұл ерекше әрекеттерін қолдап өз мақсаттарында пайдалана бастаған делінеді.

Тыңшылар ауылда болған кездерінде тыс дыбыстарды естіп, бірқатар түсініксіз жайттардың куәсі болды. Сапар Мәтенқызы ауылға оралған «Көктемір», бұлардың келуіне риза еместігін, олар өз халқын күйзелтіп, енді қазақтарды құртуға келген адамдар екенін айтып келушілерді өлтіруге де бұйырған. Бірақ кейін оларға мұсылман болғандықтары үшін кешірім беріліп, қазақ ауылдарында қалуға рұқсат етілген. Пугачевтің қайта оралатыны айтылған. Жұмбақ жанның қол астында 1500 адамдық жасақ жиналғанын, олардың бұйрық болса Уфаға дейін баруға әзірлігін, бірақ әулиенің енді башқұрттарға жорыққа тыйым салғанын да осы барлаушылар жеткізген. Осылайша, аталған тыңшылар елді дүрліктіріп жүрген атақты «Көрінбес» қарапайым қазақ қызы Сапар деген қорытынды шығарады. Тыңшылар Досалы ауылына барып, барлауларын жалғастырған. Олар «Көктемір» атанған әулиенің Мәтенқызынан басқа адамның көзіне көрінбейтінін, сонымен сөйлесетінін, келіншектің айтуынша оның төрт аяқты, басы адамдардай, бірақ мүйізді, арқасы көк темірден екенін көрсеткен. Досалы сұлтан өзінің үкіметке адал екенін мәлімдеген. Сапар ауылдары жалпы саны 2 мың үйлі шаңырақпен Қобда өзенінің жоғарғы жағында мекендеген. 19 сәуір күні Орынборға оралған олар губерния кеңсесінде осындай хабарлама жасайды.

Бір жылға жуық уақытқа созылған «Көрінбес» қозғалысы 1776 жылдың жазында тоқтады. Оның бірнеше себебі болды. Сапар үндеулерін қолдауда өз ішкі есептері болған Досалы мен Сейдалы сұлтандар көп ұзамай оны қолдауды тоқтатты. Губернатордың оларды жазамен қорқытуы және басқа да себептерден олар қарсылықтардың соңғы кезеңінде «Көктемірдің» өзін айыптай бастады. Көтерілістің тоқтауының келесі бір маңызды себебі – оның негізгі қозғаушы күші, ұстанымы, халықтың арманы мен сенімі болған азат етуші «жаңа патшаның» келмеуі болып табылды. Сапар Мәтенқызы 1775 жылдың қыркүйегінен бастап, келер жылдың көктеміне дейін Пугачевтің келетініне, оның «20-30 мың қолмен келе жатқанына» елді сендіріп келгенімен, оның орындалмауы халықтың көтеріліске деген ынта-жігерінің азаюына үлкен әсер етті. Бұдан бөлек, қозғалысқа басынан қарсы болған Нұралы ханның үкіметтен әскер шығарып, көтерілісші ауылдарды жазалауды дүркін-дүркін сұрауы да себеп болды. Осындай әрекеттердің салдарынан Сапар Мәтенқызының ауылдары 1776 жылы жазда Қобда бойынан Қиыл өзенінің бойына көшіп, қозғалыс тоқтады. Оның кейінгі тағдыры белгісіз.

Тікелей өңірде болғандықтан Сапар Мәтенқызы қозғалысына, басқалармен бірге, жергілікті ауыл-аймақтың өкілдері де белсене қатысты. Олардың ішінде аты-жөндері ең жиі аталатын тұлғалар –  Тіленші, Қадыр, Садыр, Тасболат, Жанболат, Қалыбай, Тотай, Сағыр, Жолбарыс сияқты атақты батырлар болып табылады. Дегенмен  көтеріліске басқа ру өкілдері де көп қатысқан.

Деректерден белгілі болғанындай, «Көктемір» басқарған күрес – өзінің идеясы мен мазмұны жағынан  Қазақ тарихындағы шешімі толық табылмаған, ең жұмбақ әрекеттердің бірі болып қалуда. Іс-қимылдары сипаты жағынан басым түрде қарулы қарсылыққа, көтеріліске жатқанымен, бұл оқиғаларды белгілі бір себептермен қозғалыс түрінде де атауға болады.

Мен, Сапура Мәтенқызы туралы деректер Қазақстан тарихы оқулығына енгізілмесе де, «Өлкетану» пәндерінде немесе тәрбиелік шараларда қолданылса, ұлттық құндылықтарды оқушылар бойына дарытуға болады деп ойлаймын.

                                                                                                                 Жұмазия  ҚУАНОВА.