Кешеннің тарихи маңыздылығы арта түседі

0
61

                   Алматы қаласында Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық Инистуты  мен  шет тілдері және іскерлік-карьера Университетін бітірген жоғары білімді маман, тарихшы, дінтанушы, теолог Аязбек Нұраханов – 1982 жылы  Қостанай облысының  Жаркөл  ауылында туылған. Қостанай мен Ақмола облысының ауылдарында, Әйтеке би мен Қобда ауданында имам және Ақтөбе қаласындағы Нұрдәулет мешітінде наиб имам қызметін атқарған  ол, үстіміздегі жылы  Ақтөбе облысы тарихи өлкетану мұражай ісі және құжаттандандыру басқармасына қарасты  Досжан ишан мемориалдық кешені бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Досжан ишан мемориалдық кешенінің ресми түрде  ашылу салтанаты өтетін алдағы 7 қыркүйек  қарсаңында, біз  А. Нұрахановқа жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.

         — Алдымен,  мемориалдық кешенінің ашылу салтанаты өтетін күн қарсаңына дейін жасалған, қазір атқарылып жатқан және болашақта  істелінетін жұмыстар туралы қысқаша баяндап өтсеңіз…

— Алдағы 7 қыркүйек күні өтетін мемориалдық кешенінің ресми түрде  ашылу салтанатына бүкіл Қазақ елінен қонақтар шақырылған.  Қазір осы шараға байланысты дайындық  жұмыстары жүргізілуде. О баста, Шилі өзенінің бойындағы Досжан ишан хазірет бейіті мен ондағы мешітке  реставрация жасау идеясын көтерген жергілікті халық қой. Соның арқасында бүгінде мұнда қыруар жұмыстар атқарылған. Досжан ишан  бейітіне  кесене орнатылып, ескі мешітті қар мен жаңбырдан және жел өтінен қорғау үшін,  үстіне уақытша күмбез  құрылды. Кешеннің ресми түрде ашылу шарасы өткен соң да, мұнда атқарылатын шаруа аз емес. Қазір  әлгі күмбез астындағы мешітке қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Ондағы мақсат – мешіттің іргетасынан бастап, бүкіл болмысы бұрын қандай архитектуралық тәсілмен және қандай түстегі кірпіштермен, материалдармен жасалғанын, сыртқы және ішкі жағындағы  ою-өрнектердің көріністері мен бояулардың түстерін т. б. анықтау болып табылады. Осы жұмыстар аяқталған соң, бұрынғы  сыртқы және ішкі архитектуралық сызбасы мен суреті қағазға түсіріліп, мешіттің 26х11 метр аумақты алып жатқан бастапқы қалпына келтіру ісі қолға алынады. Ол үшін қазіргі мешіт үстіне уақытша құрылған күмбез бұзылады. Осындай қазба жұмыстары мешіт жанындағы сол кезде 150 бала оқыған, қазір толық жойылып кеткен медресенің, шәкірттер жатақханасының, асхананың, қонақтарға арналған ғимараттың, сол аумақтағы Досжан ишан мен   басқа да кісілер тұрған үйлердің орындарына балама түрде жүргізілуде. Болашақта  оларды да қалпына келтіру жоспарда бар. Қазір қалпына келтірілетін ғимараттар үшін өзінің топырағынан кірпіштер құйылып жатыр. Менің шамалауымша, келесі жылдан бастап әлгі айтылған нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталуы керек. Демек бұл — келешекте кешен аумағы кеңейе түседі деген сөз. Бүгінгі таңда кешен аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, осы заманғы жаңа қонақ  бөлмелері мен асхана салынып, жаяулар жолы төселген. Жеміс ағаштары да егіліп, бұлақ басына апаратын жаяулар жолы жасалды. Қазірдің өзінде кешенге зиарат етіп келуші, мал сойып, құрбандық шалып, ас берушілер  бар. Кешен ресми түрде ашылғаннан кейін, зиаратшылардың  саны арта түседі деп күтілуде. Сондықтан келешекте қосымша қонақ бөлмелері мен асхана салу мәселесі туындайды деп ойлаймын. Біз   оған дайын болуымыз керек. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылып жатыр.

 

Осындағы кейбір құрылыстарды алып тастап, қайта салу да жоспарда бар. Мысалы, Досжан бабамыздың қажылыққа барғандағы жүріп өткен жолының картасы сызылған стелласы ағаштан салынған болатын. Қазір оның орнына  мәрмәрден жасалған берік стелла қойылды. Бүгінде  мәрмәрге жазулар  жазылуда. Жақын күндердің ішінде жаңа стелла дайын болады.

       — Кешен мемлекет қарамағына өтті деп естиміз. Енді болашақта атқарылатын жұмыстар бюджет есебінен жүрзілетін шығар. 

— Жоғарыда айтып өткеніміздей, бастапқыда мұндағы жұмыстарға халық пен демеушілер қол ұшын берді. Әлі де халық тарапынан, әсіресе ерікті жастар жағы кешен аумағына келіп, тазалық, тал отырғызу сияқты т. б. жұмыстарға  жәрдемін беріп жүр.   Кешенге Досжан ишанның үлкен ұлы Хабибулланың  шөбересі, кәсіпкер Асқар Хабибуллин ірі-ірі бастамалар көтеріп, көп еңбек сіңірді деп айтар едім. Асқар ағамыз, өзінің бауырларымен бірге жоғарыда атқарылған жұмыстардың барлығын өзінің жеке қаражатына салып, ең соңында кешенді мемлекетке тапсырды. Бүгінде кешен мемлекет қарамағына толық өтсе де,   Асқар Хабибуллин әлі күнге шейін жиі хабар алып, қандай көмек керек екенін сұрап,  туындай қалған проблеманың шешілуіне  көмек беріп тұрады. Әрине, кешеннің кеңейуіне ендігі жерде мемлекет тарапынан қаржы бөлінуі тиіс. Мемлекеттік мекеме есебінде болған соң, бізде анау айтқандай проблема  болмауы керек деп ойлаймын. Дегенмен, өткен көктемде кешенге баратын жолдағы көпірді сел шайып кетті. Қазір бізге осы басты мәселе болып тұр. Аудан орталығынан 4 шақырым жердегі кешенге  асфалть жол салдыру да ойымызда бар.  Қыстың боранды күндері, зиарат етушілер түгіл, онда жұмыс істейтін қызметкерлердің өзі кешенге  қатынай алмай қалатын   кездері болады. Біз қазір осы мәселені де  шешуге тырысып жатырмыз. Асфалть салдырып, оның екі жағына қар тоқтатын ағаш егуді қолға аламыз. Сондай-ақ, кешен аумағына 8 мың түп түрлі  жеміс ағаштары егілген. Алайда осы ағаштарды жабайы қояндар жеп кетуде. Мәселені шешу үшін қоршауды қоян кіре алмайтындай етіп жасау керек. Сонымен бірге, кешенге келушілер осындағы бұлақ басына барып, суретке түсуді әдетке айналдырған. Бірақ бұлақ айналасы өте тар, адам көбейіп кеткенде сыймай жатады. Осыны бір ретке келтіруді ойластырып жатырмыз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, кешен енді бой түзеп, ондағы қызметкерлер ұжымы да жаңадан қалыптасып жатыр ғой, мұның бәрінің шешілуі – алдағы уақыттың еншісінде  екеніне сенемін.

          — Жаңа бір сөзіңізде зиарат етушілер ас береді деп қалдыңыз. Сонда кешенде ондай шараны  жасауға бола ма?

— Жоғарыда айтқанымдай, кешен мемлекеттік мекеме. Сондықтан мұнда ондай үлкен көлемде ас беру шарасы өткізілмейді. Дегенмен, Досжан хазіреттің әруағына алыстан арнайы зиарат етіп, құрбандық шалуға ниеттеніп келгендерге, шағын топпен ас берулеріне рұқсат етіледі. Ол үшін мұнда қазан-табағы, 4-5 үстелі бар 15-20 адамдық асхана, төсек-орынмен жабдықталған, әрқайсында 3-4 кісі жататын төрт бөлмелі  қонақ үй қызмет етеді. Оған қоса, қонақ үй алдында осындай ас берушілерге арналған тапшанды да пайдалануға болады. Кешен зиарат етумен қатар, осында келіп, саф таза ауамен тыныстап, демалып кетуге де қолайлы. Тіпті, сауап үшін осында келіп, бір-екі түп тал егемін деушілер болса, құба-құп. Бұл үшін де қолайлылықтар жаратылған. Аумақ кешкі уақыттан   бастап, түнгі сағат 10-11-ге дейін  күндізгідей  электр шамдарымен жарықтандырылып тұрады. Біз, әрине халықтың осында көбірек келуін қалаймыз. Мұнда тамшалайтын дүниелер күн сайын көбейуде. Мысалы, «Ишандар аллеясы» жаңа заманға лайықталған технологиямен жабдықталған. Онда тарихта өткен ишандардың кез келгенінің өмірбаянымен, атқарған қызметімен толық танысуға мүмкіндік жасалған.  Кешенмен және қызықты деректермен таныстыратын қызметшілер, аумақты күзететін күзетшілер бар.

Мәселен, жергілікті халық Маңғыстауға барсаңыз Бекет атамен, Семейге барсаңыз Абаймен… т. б. мақтанады. Ал біз, кезінде үлкен елді мекен болған, осы жерде жасап, шамамен 1870 жылдан бастап ұстаздық етіп, ағартушылықпен шұғылданып,  2 мыңнан астам шәкірт дайындаған Досшан ишанмен мақтана аламыз. Оның аты кезінде тек Ақтөбе аумағына ғана емес,  батыс  өңірінен асып, бүкіл қазақ даласына белгілі болған. Ол 1925 жылға дейін осы бағытта қарқынды жұмыс жасаған деген дерек бар.  Ал, 1927 жылы большевиктер келіп, медрессені де, мешітті де жаптырған.  Осындағы мешіттің 1967 жылға дейін тұрғанын көрген кісілер қазір де бар. Олардың айтуынша, кеңес үкіметі мешітке мал қамап, ескі-құсқы заттарды сақтайтын  қойма ретінде пайдаланған. Ұзақ жылдар жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен мешіт, осы аумақтан елдің соңы көшіп кеткен кезде,  қараусыз айдалада қалыпты. Тек еліміз тәуелсіздік алып, халқымыз имандылыққа мойын бұра бастаған кезде, аудан зиялыларының бастамасымен атақты бабамыздың өмірбаяны, оның еткен еңбектері қайта зерттеліп және зерделеніп, өзіне лайық биік тұғырға қона бастаған. Бүгінде бұл кешен жас ұрпақты имандылыққа, патриоттық рухта тәрбиелеуде өте зор маңызға ие орынға айналды. Мұнда жыл өткен сайын, жойылып кеткен тарихи ғимараттар қалпына келтіріліп, ғұлама бабамыздың еткен еңбегі жаңғырып, тарихи орынның маңыздылығы арта түсетіні даусыз.

             — Сұқбатыңыз үшін рахмет! Алдағы жұмыстарыңызға табыстар тілеймін!

                                                                             Әбдісәли ДӘУЛЕТБАЕВ.